Перейти в форум
 
 

Главная страница - Журнал "Жасstаr"

Журнал "Жасstar"

Великая Победа: чтим и помним

ҚОСБАРМАҚТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР

Миллиондаған адамдардың жанын «өмір әлде өлім» таразысына салған Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 70 жыл толып отырса, сол соғыстың Шығыс майданында фашистік Германия мен КСРО арасында болған қантөгіс кеңестік қоғамның азаматтары үшін Ұлы Отан соғысы аталып, кешегі әкелер мен аналар есінде 27 миллионан асқан адамдардың өмірін жалмап кеткен соғыс сипатында сақталуда.
Олай болатын себебі, оқ тиіп өлген, денелері тұтқындарға арналған лагерлерде шіріген, ауыр жарақаттан госпитальдарда қиналып жатып өмірден өткен, жау қоршаған ондаған қалаларда қалып қойып, аштан өлгендер өз қайғылары мен қасіреттерін өздерімен бірге ала кетіп жатқанда, соғыстан аман-есен қайтқандар олардың аруағынан аттап кете алмай, өлгендер өздерімен бірге ала кеткен шындықты айта алмай, «жеңгендерді ешкім айыптай алмайды» деген психологияда қалыптаса бастаған идеологияның ықпалынан шыға алмады. Ал, ең өкініштісі, сол идеологияны қалыптастырушылар соғыстан аман қалғандарды әлпештеп, алақанға алғанның орнына, тылда жүріп тер төккендері арқаға қаққанның орнына, әскери тұтқындарды мүсіркелеп, есіктен төрге шақырғанның орнына, соғыстың жеңісін тек ура-патриоттық тұрғыдан түсіндіріп бара жатқандарын тым кеш байқап қалса керек деген ойдан кейде шыға алмайсың.
Соңғы деректерге сәйкес, тек Қазақстаннан соғысқа 1 800 мыңға жуық адам аттанған. Солардың ішінде ер жетіп есейгендер, енді біреулері кешегі азамат соғысы мен финдермен арадағы болған қақтығыстарға қатысқандар, бәрінен де жанға бататыны– 18 жасқа енді ғана толып, қолдарына өмірінде мылтық ұстап, адамға қарсы оқ ату ойларына кіріп шықпағандары бар 600 мыңнан аса қазақстандықтар– Брест, Москва мен Ленинград және басқа да қалаларды жаудан қорғау жолында, Белоруссия мен Украина елдерінен мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан Польша, Румыния, Венгрия, Австрия сияқты мемлекеттерді озбыр жаудың езгісінен босатамын деп жүріп мәңгілікке кеткендер.
Төрт жылға сәл жетпей аяқталған соғыстан аман-есен келгендердің де жандары жай бола қойғаны шамалы сияқты. Естіген әңгімеміз бойынша, Ақмола облысы Қима ауданына қарасты бір ауылдан майданған елу бес азамат шақырылған. Елге оралғандары – тек бесеуі. Елдің жағдайы ауыр. Еңбек ету керек. Солай да болған. Алайда, олар үйлеріне еңбек ақы әкелмейді. Оның себебі тек үйлеріндегі жұбайлары ғана білген. Өзара келіскен кешегі майдангерлер тапқан қаражаттарының басым бөлігін соғыста жүріп қаза тапқандардың отбасыларына бөліп беріп тұру туралы келіскен көрінеді ... Кешегі бірге жүрген жолдастарының қаза тапқандарына кінәлі болмаса да, тірі қалғандардың алдында өздерін айыпты сезінгендей олар, соғыс даласында қалғандардың алдындағы «айыптарын» осылайша жуып-шаймақ болған шығар – кім біледі?!
Десек те, олардың жан-дүниесінде не болып жатқанын ешкім сезбеді. Ал, олар болса «мен соғыстан келдім» деп айға шапшыған жоқ, менің көргенімді сен неге көрмедің деп те ешкіммен жағаласып жатпады.
Менің балалық шағым Атбасар ауданы «Қосбармақ» деген ауылда өтті. Сол ауылда соғыста болып келген біраз кісілерді де көрдім. Әртүрлі мінезді еді. Аманжол Мұхаметжанов. Менің алғашқы ұстазым. Соғыс туралы бізге көп айтпайтын. Есімде қалғаны, өз замандастарымен отырғанда күлкілі оқиғаны айта бастағаны бар бірде. Мазмұны есімде жоқ. Нүриден (фамилиясы есімде жоқ) деген кісі болды.Кеудесіндегі ордені түспейтін. Мінезі өте ауыр болатын. Біз, әсіресе, балалар одан өте қатты қорқушы едік.
Омарбек Хасенов – соғыс ардагері. Басқаларға білмеймін, бізге әңгіме айтқаны есімде жоқ. Намаз оқитын, молда еді. Жақында оның Жұматай деген үлкен баласымен кездесіп, одан әкең кезінде соғыс туралы қандай әңгімелер айтатын еді деп сұрағанымда, бар айтатыны: қайтесін оны, керегі саған қанша дейтін.
Атбасар ауданына қарасты Қосбармақ – кішкене ғана ауыл. Біз осы ауылға 1950-ші жылдардың соңында көшіп келгенде әрі кетсе отыз шақты от басы түтін тігініп отырған болса, ауыл бара келе ұлғайып, кеңес үкіметі тарқар қарсаңында үйлердің саны жүзден асқан болатын. Енді, міне, байқап отырсам, осы кішкентай ғана ауылдың тұрғындары 30-шы 40-шы жылдардың бар ауыртпалықтарын бастарынан кешірген екен. Соғыстан бірі аяқсыз, бірі көзсіз келгендерді, депортацияға ұшыраған неміс ұлты өкілдерін өз көзімізбен көрдік. Әубәкір Жапаров, Қайырқұл Мақажанов, Оразбек Шалтаев, Қорғанбек Дулатбаев, Жәнен Есенбеков, Кәдірбек Тасыров, Сұлтан Ысқақов – соғыс азабын көріп, елге аман оралғандар. Кем, Фукс, Шварцкопф – бұлар депортацияға ұшыраған неміс жанұялары ...
Біздің балалық шағымызда соғыс туралы туралы көп айтылмайтын. Кім біледі, себебі кеше ғана аяқталған соғыс туралы еске түсіру оларға тым ауыр болды ма... Әлде біз тым жас болып, оған мән беретіндей кезенге әлі жетпедік пе?! Әйтеуір, осы адамдар туралы көп білмейді екенмін. Енді, міне, соғыстың аяқталғанына 70 жыл толған уақытта олар туралы өкінішпен ойланып жүрген кезге де келіп қалыппыз.
Днепр үшін болған ауыр шайқастарда асқан ерлік көрсетіп, сол үшін Кеңес Одағының батыры атағына ие болған 103 қазақтың бірі – Ақан Құрманов мен өскен «Қосбармақ» ауылының тумасы. Ауылдағы апаларымыздың айтуынша, соғыстың қарсаңында біздің ауылдың бірнеше балалары Атбасар қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген екен. Демалыс күндері Ақан ағалары келіп, оларды базарға алып шығатын көрінеді. Ағалары бастаған бір топ қазақ балалары базарға кірер-кірместен орыс саудагерлері «Аканчик идет» деп абыр-сабыр болып, заттарын жасыра бастайтын көрінеді. Соған қарамастан, Ақан базардың бір басынан кіріп, екінші басынан шыққанша ауызға ілінетін бірлі-жарымды алғандарын жанындағы кішкентай балаларға таратып береді екен. Осылайша ол ағалық көрсетіп, өзінен кіші ауылдастарына қамқоршы ретінде өзін көрсетіп жүргенде соғысқа кеткен.
Қызыл Армия қатарына Ақан Құрманов 1939 жылы шақырылған. Одан – Ұлы Отан соғысы.
Жерлесіміз Ақан Құрмановтың соғыстағы ерлігіне куә болғандардың бірі Қызылжарлық ағамыз – Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатов атбасарлық жерлесінің ерлігін еш ұмытпай,соғыстан соң сол ауылға келіп, батырдың туған-туыстарымен, ағайын-ауылдастары, құрбы-құрдастарымен кездесіп, уақыт өте келе майдандас жолдасы туралы 

«Ақан батыр» атты деректі поэма жазған
Дембелшең орта бойлы, кең иықты,
Білімді, сөзге шешен, іске мықты.
Аққұба, өткір көзді жігіт еді,
Ардақтаған адалдықты, шындықты.
....
Жоқ бүгін Ақан досым арамызда,
Соғыста арна болған бар аңызға.
Ерлікпен қаза тапты қан майданда
Жүрекке қатты батты жарамыз да
...
Құрманов, аты – Ақан, Атбасардан,
Жауына жайдай төніп, тап бас салған.
Мерт болды өртке айналған қан майданда,
Мәңгілік Отан үшін көзін жұмған

Мектепті бітіргеннен кейін, ауылда қалып, жұмыс істедім. Сол кездері соғыс туралы өз аузынан әңгіме естіген адамым соғыс ардагері – Шақат Мұқанов деген кісі еді. Мені қатты таңқалдырғаны Шақат ақсақалдың ордендері болатын: ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ, Қызыл Ту ордендері (медальдерді есептемегенде). Ол кезде біз де соғыс наградалары туралы біраз хабардар болатынбыз. Даңқ орденінің толық иегері, мысалы, Кеңес Одағы Батыры атағына теңес келсе, Қызыл Ту орденімен жеке ерлігі үшін тек офицерлер ғана марапатталатыны туралы да біле бастағанбыз.
Соғыс кезінде рота барлаушысы, берілген тапсырманы орындау барысында Ковпактың отрядымен кездескен, айыптылар батальонын кері кетпеуіне тосқауылда жүріп, екі оттың ортасында қалғандардың «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деген айқаға басып, жауға шапқандарды өз көзімен көрген Шақат ағамыз маған 1-ші дәрежелі Даңқ орденінің өзіне қалайша бұйырмағанын да айтқан болатын бірде ...
Ел арасында жүріп, өмірінің соңына қарай соғыс туралы біршама әңгіме айтатын осы құжаттың иесі – Баукен Абылов ақсақал еді. Бірақ, ол кісінің айтатын әңгімелері шындықтан гөрі, ертегіге көп ұқсайтын: атты әскер құрамында болдым, қылышымызды жалаңдатып, немістердің танкілеріне қарсы шабатынбыз т.т. Сенбейтінбіз бұған. Ақсақалдың айтқандарын күлкіге айналдыратынбыз ...
Атбасар ауданына қарасты көнеден келе жатқан екі елді мекен бар. Бірі –Қосбармақ болса, екіншісі Қаракөл деген ауыл. Екі ауылдың ара қашықтығы 11 шақырымға жуық. Көрші ауылдың азаматы, соғыс ардагері Байкен (есімінен қателесуім де мүмкін –А.Қ.) деген ақсақалдың біздің ауылдың азаматтарына айтқан мына бір естелігі бізге енді ғана жетіп отыр: «Соғыс уақыты. Германияға да жеткен кезіміз. Саперлар взводындамын. Жағдайым мәз емес. Қарным аш. Күтінуге, таза жүруге шама жоқ. Бір күні біздің взводтың ортасын бұзып-жара бір салт атты ерсілі-қарсылы шауып өте бастады. Айқайға тоқтайтын емес. Кенеттен оның көзі маған түсіп кетіп, астындағы атын кілт тоқтатқан ол менің қазақ екенімді, түрімнің неге соншалықты шашар екендігін біліп алды да, командиріме жетіп барып, себептерін сұраған еді, лейтенант оған дөрекі жауап берсе керек. Сонда қатты ашуланған ол (кейін таныстық – Баукең екен) оны қамшымен бетінен тартып жіберді. Сөйтті де, мен бірнеше сағаттан соң қайтып келемін, жағдай өзгермейтін болса, жауап бересіңдер деді де тартып отырды. Кешке таман ол қайтып келгенде, маған деген көзқарас мүлдем өзгерген болатын. Міне, осылайша Баукеңнің арқасында менің жайғдайым өзгерген болатын. Ал сендер болсаңдар осы Баукеңнің айтқандарына сенбей, күлкіге айналдырады екенсіндер. Оларың мүлдем қателік», – деп біздің ауылдың адамдарына бірде қатты ренжіген екен.
Соғыс туралы ашық шындық енді айтыла бастады ...
Әскери қолбасшы Г.Жуковтың естеліктеріне қарағанда, Москва түбінде Бас қолбасшы И.Сталин Рокосовскийдің қарамағындағы әскері құрамаларды, Доватордың танк дивизиясы мен атты әскерлер корпусын пайдаланып, фашистерге қарсы шабуылға шығуды үзілді-кесілді талап еткені туралы айтқанымен, сол әскери тәсілдің нәтижесі туралы бір ауыз сөз айтылмаған.
Ал осыған ұқсас оқиға неміс тілді деректерде төмендегідей берілген.
«Сол күні 16-шы армияның қолбасшысы окоптарда бекінген немістің 7-ші танк дивизиясының жаяу әскері мен танкілеріне қарсы Орта Азиядан келіп жеткен 17-ші және 44-атты әскер дивизиялары қолданған болатын... секундтан аспайтын уақыттың ішінде Мусиноның қар басқан даласында адам көз алдына елестете алмайтындай сұмдық көрініс басталды. 106-ші жаяу әскерлері 10-шы зеңбірек полкінің батареясы орыстардың шабуылға шыққан атты әскерлер легіне қысқа қашықтықтан оқ жаудырды. Зеңбіректен атылған снарядтар шабуыл жасап келе жатқан эскадрондардың тап ортасына барып жарылуда. Оққа ұшқан аттар... Оқ тиіп, аттардың үстінен жерге домалаған адамдар....
Солай болып жатса да, Кеңестік полк шабуылын тоқтатқан жоқ. Қатаң тәртіпке бағынған салт аттылар енді оң қанатқа ығысып, қайтадан селоға шапты. Бірақ, ауыр зеңбіректерден дүркін-дүркін атылған оқ шауып келе жатқан атыларды қырып салды.
Азапқа толы көрініс бұнымен аяқталған жоқ. Орман жақтан екінші полк пайда болды. Осыдан сәл бұрын болған қайғылы көріністі өз көздерімен көріп тұрған офицерлер, сержанттар мен қатардағы жауынгерлер тағы да алға ұмтылды...Оққа ұшқан, мертіккен, жараланған екі мың салт аттылар, яғни 44-ші моңғол атты әскерлер дивизиясының екі бірдей полкі – адамдарымен қоса, мерт болған жануарлардың денелерінен аққан қаннан қан-қызыл болған қар үстінде қала берді.
Әскери тактикалық тұрғыдан алып қарағандағы орыстар шабуылының ешқандай мағынасы болған жоқ... Десе де, атты әскердің осынау бір мағынасыз шабуылы Кеңес басшылығының немістерге Мәскеуге апаратын жолдарды бермеу үшін қандай болса да амалдарды қолданатынын айқындап берді».
Қарап отырсақ, осы бір азапты көріністердің ішінде Қосбармақтан шыққан азаматтар да жүрген екен ғой. Тек әттегені оны енді ғана біліп отырмыз. Өкінішті-ақ ...
Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекеттік тарихы институты
директорының орынбасары т.ғ.к., доцент

Журнал "Жасstar", №3-4 (45-46) 2015 2015 г.


[ Вернуться к содержанию ]

НОВЫЙ НОМЕР

№1-2 (51-52) 2017

Архив номеров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Перейти в фотогалерею

 

ПЛАН МЕРОПРИЯТИЙ

Просмотреть мероприятия

ПОИСК ПО САЙТУ



 

© 2006 – 2019 Республиканский Союз детских общественных организаций Казахстана «Жулдыз».
Адрес: Республика Казахстан, г. Кошектау, ул. Абая, 112 а, офис 207 (2 этаж). Телефоны: 8 (7162) 502591, 721226, e-mail: sdoozhuldyz@mail.ru
При перепечатке материалов ссылка на источник обязательна. Авторы Интернет-проекта www.zhuldyz.kz: Данил Конищев, Лидия Тришечкина, web: Муратбек Жусупеков.
Авторская группа DALI

Перейти на главную страницу Перейти в форум